Ассалаумағалейкум жамағат! Сіздермен бүгін әрқашан ауылымыздың қамқоршы ағамыз жайлы айтқым келіп отыр. Мен ОҚО, Түлкібас ауылының тумасымын. Ауылымыз иманға берік, өте тату қауым. Ауылымыздың 60 пайызы дулат руынан тұрады. Сондықтан көбіне бір-бірімізге туыс болып келеміз. Айтқым келген ағамыздың есімі - Қайрат. Ол кісі қарапайым отбасынан шыққан. Кішкентайынан ата-анасына көмектесіп мал бағып өскен деседі. Әкешім ол кісінің үнемі қой бағып жүріп қолынан кітабын тастамайтынын айтып, бізге де сол кісіге ұқсап білімге ұмтылыңдар деп насихаттайтын. Қайрат ағамыз мектепті жақсы оқып, өз білімімен ЖООна түсіп, шет ел асыпта білімін жетілдіреді. Сөйте келе АЛЛАһым нәсіп етіп жұмысқа да тұрып, сол жұмыстан көтеріле берді. Қазіргі таңда Астана қаласының жоғары лауазым иесі. Айтпағым ол кісінің ата-анасына, ауылына деген ерекше қамқорлығы жайлы болмақ.
Әрдайым ауызынан АЛЛАсын тастамайтын ағамыздың барлық адамға көмек қолын созудан шаршаған емес. Ауыл адамдарының бірі қандайда бір мұқтаждыққа ұшыраса немесе қаржы жағынан қиналса, баласының оқуында жайсыздықтар болса, тіпті кейбір ауыл кісілерінің балаларын жұмысқа тұрғызу үшінде осы ағамыздан көмек сұрайды. Бір қызығы ағамыз ешқашан "жоқ" деген жауап айтпайтынында. Және рахмет айтып "Сіздің арқаңызда осылай болды" дегендерге әрдайым - "Барлығы АЛЛАның қалауымен ғана, мен жай себепкермін!" дейді. Өзінің көмегі қаншалықты жүзеге асқанын қадағалауды да өз мойнына алып, іс біткенше сол адаммен уайымдап кетеді. Іс оңынан болып бітіп жатса айтатын сөзі "АЛЛАһу акбар!".
Әкешім ауыл имамы болған соң ол кісінің қайырымдылық істеріне күә болып өстім. Өзінен кейінгі інісі дүние салған соң жыл сайын інісіне арнап ас беріп, ауылдар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырып, бағалы жүлделер қойып жатады. Ауыл балалары сол жарысты жыл бойы асыға күтеді. Астанадан ауылға келгенде ол кісінің бірінші жасайтын әрекеті әкешімді шақырып үйіне құран оқытып, көпшілікке ас береді. Ауыл ақсақалдарының бұйымтайларына жауап береді. Дәл осы жерде көмек сұраушыларға да көмектесетінін айтып көмектеседі.
Ауыл адамдарына деген қарым-қатынасы осындай болса, ол кісінінің ата-анасына деген қамқорлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ата- анасы үлкен қарт адамдар, сондықтан кейде олардың жүріп тұруы қиын болып жатады. Сол үшін ол кісі ата-анасына барлық жағдайды үйінде жасап қойған. Былтыр Қайрат аға қызын ұзатты. Неше түрлі тойханалар тұрғанда ол кісі қарт ата-анасы немересінің ұзатылуын көрсін деп, тойды үйінің ауласында жасады. Ата-анасы жақсы көретін әншілерді шақырып, қызын қазақы тоймен ұзатып шығарды.
Мен бұл кісіден тек қарапайымдылықтың керемет үлгісін көремін. Әкешім ол кісі үйіне келгенде қарапайым киініп, әке-шешесінің көзінше костюм шалбармен көрінбейтінін тілге тиек етіп отырады. Жақында мен ол кісіден осылай барлық адамға көмек қолын жалықпай соза беруіңіздің себебі неде дегенімде: "Әрдайым біреуге көмектесе алсаң жай ғана көмектесте қуана бер. Өйткені АЛЛАһ ол кісінің дұғасына мен арқылы жауап қатуда" деді.
Сөз соңында айтарым Қайрат ағамыз шам сияқты! Адамдардар қараңғылықта қалғанда сол кісінің айналасынан жарық іздейді. Ағамыз жарығын еш ренжіместен түсіре береді. Өйткені ол АЛЛАның бұйрықтарын орындап, Пайғамбарымыздың (с.а.у) салып берген сара жолынан айныған емес! АЛЛАһ разы болсын сізге Қайрат аға!