Қыстық шілде кірген уақыт. Жер көк тайғақ. Осындай суық күндердің бірінде отбасымызды үлкен әпкем үйіне қонаққа шақырды. Менің қыстық демалысыма орай әпкем осы уақыт бәрімізге ыңғайлы деген ниетпен шақырса керек.
Қаратауға әпкемнің үйіне қонаққа да бардық. Әпкем жаны қалмай әр қайсысымызды күтуде. Міне бүгін осыдан 3 жарым жыл бұрын өз шаңырағын көтерген әпкемнің жүзі балбұл жайнап тұр. Жиендерім де алды 2 ден асып, екіншісі бесікте жатыр. Әпкемнің биязы әрі ұяң мінезіне жездем де сай-ақ! Осы шаңыраққа отбасымызбен түгел болып бірінші рет келіп отырмыз. Әкешім немерелерін еркелетумен-ақ бір жасарып қалды. Қонақ келсе қайту бар дегендей келген күннің ертеңіне біз ауылға қарай қайттық.
Әкем қар қатты жауып кетпей үйге жетейік деген ниетпен таң ертең ертерек жолға шықтық. Рөлде әкем жанында 10 сыныпта оқитын інім, артыңғы орындарында анам, 5 жасар сіңілім және мен отырдым. Біз жолға шыққанда күн аздап тұманданып тұрған болатын. Міне осы жол үстінде менің өмірімде мәңгі естен шықпастай оқиға болды.....
Біз әпкемнің үйінен шамамен 30 шақырымдай ұзаған да кенеттен дала тіптен тұманданып, алдымызда жол да көрінбей кетті. Тірегіміз, әрі жұбанышымыз әкем болған соң баста аса қорыққан жоқпын. Бірақ әкем үрейлене анама: «Жолдың қай шетімен келе жатқанымды бағдарлай алмай келе жатырмын, жолдың шетінде үлкен жардың бар екенін білесің ғой, сондықтан ішкі қорқынышым жардың шетінде келе жатқандай сезіндіруде. Білетін дұғаларыңды айтыңдар сендерден сол ғана көмек болмақ» деді.
Машинаның әйнегінен ешнәрсе көрінбей қалды. Әкем көлікті тоқтатты... сырттағы боранның дауысы жүрегімді одан сайын шошындыруда... Әкем мен анамда үн жоқ... Сіңілім шыңғырып жылай бастады... Оның шыр еткен дауысы мені мағынасы жоқ қараңғы тұңғиыққа жетелеуде.. Менің жанарым жасқа толып, денем тітіркеніп, жүрегім аузыма тығылды... Бағдарсыз келе жатқан жолдың қай бөлігінде тұрғанымыз бізге белгісіз, мүмкін жардың шетінде болар, мүмкін көлігіміз жартылай жарда тұр ма? Оның бәрін ойласам көз алдым қарауытым, демім тарылып кетеді... Бір кезде інім шыдай алмай: «Әке мен сыртты байқап келейін»деді де, әкемнің рұқсатын алмастан көліктен шығып кетті.. Бәріміз енді інімді ойлап, уайым үстіне уайым қостық.. Анам дірілдеп сіңілім мен мені құшағына алып, ыстық жасын төкті.. Мен көліктің есігін ашып, інімді дауыстап «Жандос, Жандос қайдасың? Көлікке орал деп айқайлай бердім.. » Інімнен дыбыс та естілмейді.. Сұмдық деген осы екен ғой, көліктің есігі ашық болса да сырт қатты тұманданғаннан еш нәрсе көрінбейді... Әкем үнсіз ғана іштей езілуде.. 10 минуттай уақыттан соң інім Жандос есікті ашып көлікке мінді. Қарасам інімнің беті мен шашын аппақ қар шалып, денесі қалтырап қалыпты. «Әке мәшинеден 5-6 қадам ғана аттаған соң, айдалаға түскендей болдым, тіпті басым айналып құлап қала жаздадым... Көліктен ұзамаған соң артқа қайтсам көлік жоқ, солай айналшықтап жүріп, көлікке қолым тиген соң жағалап жүріп есігін әрең деген де тауып кіргенім осы» - деп жылап жіберді.
Менің көзім қарауытып есімнен тала бердім. Әрбір есімді жиған сайын терезеге қарап қайта талдым. Бір кезде өз-өзімді қолға алдым да ойландым...
Құлап бара жатқан ұшақта атеист болмайды демекші, мен өзімді мұсылманмын деп атағаным болмаса жалпы ислам діні жайлы ақпарат менде жоқ болатын. Меніңше Ислам – ол ешкімге зиян тигізбей, жүрегің таза болып бір АЛЛАға сыйынып өмір сүру ғана болатын. Құрбыларым намаз, ораза жайлы айтқанда сырт беріп олардың ғибратты әңгімелерін шала ғана тыңдайтынмын... Ата-анам да Кеңес үкіметінің кезінде өскендіктен бе, бізге Ислам жайлы, мұсылманшылдық қасиеттер жайлы айтпайтында.. Осындай белгісіз қатерде тұрғанымда: «Е АЛЛА, отбасыммен мені бұл тығырықтан шығара гөр.. Мен дәл осындай жерде, дәл осылай өлгім келмейді.. маған және отбасыма бір мүмкіндік бер... Бәріміз аман қалсақ тек сенің жолыңа түсіп өмір сүруге уәде беремін.! Я АЛЛА, дұғамды қабыл ет! Я РАББЫм мүмкіндік бере гөр.. Я АЛЛАһ...» деп сөзімді қайталай бердім. Тіпті әр қайталаған сайын АЛЛАһқа көптеген уәде берудемін... Бір кезде дауысым көліктің ішін алып кетті.. Ата-анам маған аң-таң, сіңілім маған үрейлене қарап қапты... Мен өмірімде бірінші рет «Я АЛЛАһ мен жасаған күнәларым үшін кешірім сұраймын...» дедім. Мен шын жүректен кешірім сұрап отырғанымда, әкемнің «АЛЛАға шүкір» деген дауысы құлағыма келіп, кілт тоқтап қалдым. Сөйтсем аспан ашылып, жолда көріне бастапты.
Көлігіміз қозғалып, әкем жолға да түсіп алды. Бір кезде әкем: «біз тура жардың шетінде тоқтаған екенбіз. Бір Құдайдың өзі бізді сақтаған екен» деп шүкіршілігін айтқан кезде, мен өз-өзіме әлі де келе алмай отырған едім. Әкем әпкемнің үйіне қайта баруды, күн басылған соң жолға шығуды айтып бола сап, көлікті кері бұрғаны сол-ақ екен, дәл алдымыздан майда тастар көлікке атыла бастады. Мен тіптен қатты қорқып, өлген жеріміз осы болды деп іштей тынып көзімді қатты жұма салып отырғанымда, Әкем «Қорықпаңдар, бұл жай ғана желдің соғуына байланысты таудың жырасынан ұшып түсіп жатқан майда тастар ғой, мына әйнекті де тесе алмайды» деп бізді жұбата айтты. Бір кезде мәшиненің дәл алдына үлкен тас тарс ете түсті. Мен бұл ақыр заман деген осы шығар деп анамды құшақтай жөнелдім. Әкем көліктен түсіп, інім екеуі маған қатты үлкен боп көрінген тасты оңай ғана алып тастады..
Осылай көлігіміздің алды майысып, әйнектері шытынаған қалпымызбен әпкеміздің үйіне жеттік. 2 сағат бұрын ғана жақсы көңіл күймен кеткен біз, өліп, қайта тіріліп келгендей әпкеммен құшақтаса қауыштық....
Түстен кейін жолға шығып, 1 күн ғана болмаған өз үйімізге шүкіршілігімізді айтып жеттік. Бәріміз әбіржіп жүріп бір-біріміздің түрлерімізге де қарамаппыз. Бір кезде сіңілім менің шашымды нұсқап баж ете қалды. Мен бірден жанұшыра жүгіріп, айнаға қарасам, шашымның алдыңғы жағы қатты ағарып қалыпты... бірақ мен үшін шашымның ағарып қалғаны еш маңызы жоқ болды, аман қалғанымызға қатты қуанып, АЛЛАға шүкіршілігімді қайталай бердім...
Ертеңіне таң ата ерте оянып, кешегі қысыл таяңда АЛЛАға берген уәдем жайлы ойлана бастап, өзімнен-өзім намаз оқуға асықтым. Әке-шешем ұйқыдан тұрған соң «Мен кеше намаз оқимын деп АЛЛАға уәде бердім, сондықтан сіздер маған өз разылықтарыңызды беріңіздер» деп өтіне де, бұйыра да кесіп айта салдым. Ата-анам бұрындары намаз оқитын құрбыларым жайлы: «Осылар жап-жас боп неге намаз оқиды? Үлгереді ғой әлі..» деп онша жақтырмаушы еді, бірақ кешегі оқиғадан соң олар менің бұл өтінішіме разылықтарын берді.
Жүрегімде қуаныш лебі тебіреніп мен бірден өзімнің жақын құрбым Жұлдызға барып, намаз оқығым келетінімді айттым. Ол қуана кетіп маған бірден калиманы айтқызып, намаз жайлы айта бастады. Міне мен өмірімде алғаш рет тіліммен АЛЛАһқа иман келтірдім. «Лә Иллаһа ИЛЛАЛЛАҺ, Мұхаммадур Расулуллаһ» сөзін айттым. Тілім келмей әрең айтып, бұл сөзді білмейтінім үшін құрбымнан қатты ұялдым. Бірақ Жұлдыз маған басу айтып, «Мұсылман болу әсте-әсте» деген соң үйренуге деген ынтам тіпті ашылды. АЛЛАһтың қалауымен, құрбымның себепкерімен мен толық мұсылман болдым.
Намаз оқығалы жолым болып, әрқашан тәуекелшіл болуды үйрендім. Намазсыз сүрген өмірімді ойласам, қайықсыз суда жүзгендей екенмін. Өмірдің мағынасын кеште болса түсінгеніме АЛЛАға сансыз шүкір деймін! Бұрын адамдар арасында мен үшін лидер әншілер болса, қазір адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) болды. Оның өмірін оқыған сайын жүрегім езіліп жылай кетемін. Сүйіспеншілік, мейірімділік, қарапайымдылықты мен Исламнан үйрендім.
Байқап қарасам нағыз бақытты адам, ол – нағыз мұсылман адам екен!
Құлшылықсыз өмірдің бос екенін түсінгеніме АЛЛАға сансыз шүкір деймін!
P.S: Құрбымның осылайша намазға келгенін шамам келгенше жеткізуге тырыстым...