Некенің шарапаты
Некенің шарапаты

Асыл дінімізде некелесу – сүннет.  Отбасы құрып, ұрпақ көбейту – Ислам дінінде қасиетті де ардақты іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын», – деп, үйленудің қаншалықты маңызды екенін айтады. Дегенмен қазіргі қоғамда некенің харам түрі яғни "Азаматтық неке" деген пайда болды. Алайда бұл неке шариғи тұрғыдан қарағанда зинаның ашық түрі екенін тайға таңба басқандай анық білеміз. 

Жұмысқа кіргенде бір Гүлсім атты келіншек болатын. Ол үнемі күйеуін мақтап аузынан тастамайтын. Бір күні Гүлсім осыдан бірнеше жыл бұрын өзін біреу алып қашып, онымен 3 жылдай уақыт тұрғанын, бір баласы бар екенін, кейін дәм-тұздары жараспай ажырасып кеткенін айтты. Соған қарамастан қазіргі күйеуі оны қатты жақсы көріп алғанын және өзі де осы күйеуімен  бақытты екенін жеткізді. Мен бақытты болыңыз деп жақсы тілектерімді айттым. Уақыт өте оның қазіргі күйеуімен заңды некеге де, шариғи некеге де тұрмағанын білдім. Оны естіп мен қатты шошынып қалдым. Бұл қалай болғаны? Жақында ғана қыздың әкесі жұмысқа кеп өзінің қазіргі күйеубаласын мақтап отқанын естіген соң "некеміз қиылмаған" дегенге таң қалдым. Гүлсімнің ата-анасы да жігіттің ата-анасы да өз разылықтарын берген соң, бірге тұрып жатқанын жиі айтқан соң некелері қиылған екен деп ойлағанмын. Алайда некелерінің жоқ екенін естіген соң бірден себебін сұрадым. Ол "бірінші күйеуіммен заңды ажырасқан соң жалғызбасты ана ретінде үйдің кезегіне тұрдым, кезегім жақындап жатқандықтан қазіргі күйеуіммен заңды некеге тұрмадым" деді, мен шариғи неке ше десем "Ол қымбат тұратын шығар, оған қазірге жағдайымыз жоқ" деді. Мен бірден шариғи некенің қандай маңызды екенін түсіндіріп, оның барынша некеге деген құлшынысын оятқым келді. Және мешіт имамдары некені сіз ойлағандай қымбат бағаға қимайды, сұрап көріңіз дедім, ол жарайды деп қалды. Уақыт өте Гүлсімнің мешітке барып сұрамағанын байқап жүрдім. Бір күні ол маған: "Күйеуіміз екеуміз бала сүйгіміз келеді, алайда қанша уақыт өтседе құрсақ көтере алмай жүрмін" деп мұңын айтты. Мен сол уақытта еш нәрсені ойланбастан бірден: "Некелеріңіз қиылып, бір-бірлеріңізге адал болмай АЛЛАһ сіздерге бала бермейді, АЛЛАһ тазалықты сүйеді, егер некелессеңіздер сіздерге ақ некеден ұрпақ беретініне сенімім мол" дедім. Ол қатты ойланып қалды. Мен жұбайыма бұлардың жағдайын айтқанымда ол да шошып кетіп: "Некесіз қалай бірге тұрады? ақылға қонымсыз ғой" деп, бірден өзінің ұстазына хабарласып осылардың некесін қиып беруін өтінді. Ұстаз да келісімін беріп демалыс күні келсін деді.  Мен жұмысқа кеп ұстазымыз  демалыс күні ешқандай ақысыз некелеріңізді қиып беретінін айттым. Гүлсім  қуанып кетіп рахметін жаудырды. Алайда  бұл туралы күйеуіне айтқанда ол: некені тегін қидырту ұят қой, айдың аяғында жалақымызды алып, имамға ақысын беріп қидырайық деп шешкендерін айтты. Мен келе беріңдер ол кісі тек АЛЛАһ разылығы үшін қиып беремін деп отыр десемде ұялып келмеді. Содан айдың аяғы да  болды, бірақ күтпеген жерден  отбасылық бір жағдай болып ауылдарына кетуге тура келді. Отбаслық мәселелері ұзаққа созылып тағы екі ай сонда жүріп қалды...

Ауылынан келген соң олардың жағдайларының қиындағанын көрдім. Күнкөріс қамына ақша жетпей көп жерден қарыздана берді. Бірақ күйеуі екеуі жолымыздың болмай жүргені некесіз жүргендіктен шығар деп айлықтарын ала сап бірден мешітке барып, бізге телефон шалып күәгерлікке шақырды. Мен өздері осылай шешім қабылдап асыққандарына қуанып қалдым. Жолдасым оларға күәгер болып,  көптен күткен некелері де қиылды. Сол-ақ екен  имамның неке шарттары туралы айтқын уағыздарынан ба әлде бір-біріне халал болғандарын жүректерімен сезгеннен соң ба өздері жаңа өмірге қадам басқандай бір бақытты күйге енді. Некелірі қиылғаннан  бір ай өткеннен соң Гүлсім көптен күткен сәбилеріне жүкті екенін білді. Күйеуі екеуінің жолдары болып, жұмыстарында да табысты  бола бастады. Содан ол некенің соншалықты маңызды екенін бұрын неге білмедік екен деп рахметін әлі күнге дейін айтуда. Содан бастап ол асыл дініміз туралы менен көп сұрайтын болды. Бір күні екеуміз тамақтанып отырғанымызда Гүлсімнің аздап мазасызданып отқанын байқадым, себебін сұрасам: "Сен айтқан едің ғой Пайғамбарымыз (с.а.у) тамақты оң қолдарыңмен жеңдер деген деп, сонда адал ас асқазанға барады деп, қазір құрсағымдағы балама адал ас барсыншы деп өзімді қинап барлық асты тек оң қолыммен жеп жүрмін" деді. Мен Гүлсімнің жақсылыққа ұмтылғанын көріп АЛЛАға шүкіршіліктер айттым. Бір күні Гүлсім телефонмен біреуге бірнәрсе айтып түсіндіріп жатыр, кейінде қолынан телефонын тастамай біреумен сөйлесетінін байқадым. Сөйтсем некесіз тұрып жатқан жан құрбысы бар екен, соған неке қидыруға асық деп өзінің басынан өткенін мысал етіп айтып жүр екен. Кейіннен көтеріңкі көңіл-күймен құрбымда некесін қидыруға мешітке бара жатыр екен деп, өзі қатты қуанып тұр...

Нұрсәуле ӘлімжанНұрсәуле Әлімжан
2 жыл бұрын 4668
2 пікір
Блог туралы